МЕКТЕП БАҒДАРЛАМАСЫНАН МИЫҢДА НЕ ҚАЛҒАНЫ МАҢЫЗДЫ ЕМЕС, ӨЗГЕРУГЕ ДАЙЫНСЫҢ БА
Қазақстан жаратылыстану-математикадан білім беру сапасы бойынша көшбасшы елдер қатарына кірді. Беделді халықаралық TIMSS рейтингінде еліміз АҚШ, Англия, Алмания, Автралия секілді мемлекеттерді артқа тастап, 7-орынға шықты.
Былтыр жыл соңына қарай қазақстандық мектеп оқушылары шет елдік бұқаралық ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналды. Оған TIMSS халықаралық зерттеулері бойынша АҚШ, Австралия секілді дамыған елдердің оқушыларын басып озып, жоғары балл жинағандары себеп. Бұл зерттеу математика және жаратылыстану бойынша білім сапасын бағалау мақсатында жүргізіледі. Экономикалық әріптестік және даму ұйымы өздерінің PISA деп аталатын білім сапасын бағалау әдісін алға тартады. Ол бойынша біздің балалар 53-орын алды.
TIMSS математика мен ғылымдағы академиялық білімді түріне қарай сарапқа салса, PISA функционалдық құзірет пен математикалық сауат, жаратылыстану ғылымын, оқырмандығын да есептейді. TIMSS тесті бұрын оқылған формуланы қолдана отырып, «Кім? Не? Қайда?» деген сұрақтарға жауап беруді талап етеді. Бұл сынақта мықты жады мен теориялық білім маңызды. Ал PISA тапсырмалары сараптамалық қабілетті қажет етеді. «Неліктен? Неге? Қалай?» деген сұрақтарға жауап күтеді. Бұл жерде жоғары балл алу үшін сыни ойлау қабілеті қажет.
«Өмірде мектеп бағдарламасынан миыңда не қалғаны маңызды емес. Өміріңді өзгертуге, бүгін ойымызға кіріп шықпаған мәселені шешу үшін әлі пайда болмаған мамандыққа қол жеткізіп, әлі ойлап табылмаған технологияларды игеруге дайынсың ба?» - дейді Экономикалық әріптестік және даму ұйымының мектептердегі білім сапасын не үшін сыни ойлау жүйесі деңгейімен бағалайтынын айтқан Андреас Шляйхер.
Техногенді төңкерістің жалғасуы мен жасанды ақыл-парасат жасап шығару жолындағы жетістіктер дамыған елдердің экономикасына жаңа бағыт ашты. Сыни ойлау жүйесін қажет етпейтін, бас қатырмай-ақ үйреніп алуға болатын бірсарынды жұмыстың орын оңай алмастыруға болады. Оны автоматтандыруға, сандық жүйеге көшіруге немесе шарттасып өзге мекемеге өткізіп бере салуға болады. Ендеше еңбек нарығында қолмен атқарылып, механикалық әрекетті қажет ететін жұмысқа қарағанда, бірсарынды емес, сарапшылық, басқарушылық қабілетті қажет ететін мамандықтар сұранысқа ие.
Сыни ойлауға қабілетті бүгінгі маман тек сұрақ қойып қана қоймай, өз қабілетін дұрыс бағалай біліп, жағдайды әділ сараптап, жеке көзқарасын араластырмай дәйекті қорытынды шығара білуі керек. Сондай-ақ алған білімін өмірде кездесетін түрлі жағдайларда іске тиімді жарата алса құба-құп. Осы қасиеттерді бойына жиған адам PISA секілді сынақты оңай тапсырып, болашақта жұмыссыз қалмайтыны айқын.
Мектеп оқушылары қиялымыз жетпейтін болашаққа дайын ба? Мемлекет мектеп оқушыларының алдында білім беріп қана қоймай, оларды үлкен өмірге дайын етіп тәрбиелеп, бұралаңы мен бұрылысы көп тағдырда адасып қалмайтындай етіп бағдар беруге міндетті. Осы себептен де орта білім беру жүйесінде жаңашылдықтар енгізілуде. Енді мектеп мен оқытушылардың алдында тек оқыту ғана емес балалардың бойына сыни ойлау қабілетін ұштау міндеті де тұр.
Мектептегі 5 күн оқу аптасының артықшылығы туралы келесі сілтемеден біле аласыздар:
https://goo.gl/f9bAuu.